«Бекітемін»
«№7 Айгөлек бөбекжай- балабақшасы» МКҚК
меңгерушісі______________Конысова Н.А
Ұстаздар күніне арналған
«Ұстаз аты-биік, әрі мәңгілік!»
атты тәрбие сағаты
Тәрбиешілері: Мыркасымова.М
Токсейтова.А
«Бөбек» кіші тобы
Талғар қаласы, 2022-2023 оқу жылы
Мақсаты: Ұстаздың білім берудегі орны, оның адмагершілігі, мейірімділігі жайында балалардың ұғымын кеңейтіп, олардың ақыл-ойын дамыту, дүниетанымын, шығармашылық қабілетін арттыру, сондай-ақ мұғалімді құрметтеуге оның еңбегін бағалап, жақсы жақтарын үлгі етуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Ұстаз туралы мазмұнды суреттер, бейне-сюжет.
Әдіс-тәсілі: сұрақ-жауап, тақпақтар мен мақал-мәтелдер, ойын.
Тәрбиеші: Балалар, бүгін ерекше күн! Күндегіше шаттық шеңберіне жиналып, көтеріңкі көңіл-күйде достарымызбен амандасайық.
Шаттық шеңбері: Қайырлы таң, ұстазым!
Қайырлы таң, достарым!
Шеңберге тұрайық,
Жылулық сыйлайық.
-Бүгінгі тәрбие сағатымызды бастамас бұрын жұмбақ жасырғым келіп отыр.
Білім нәрін тереді,
Балаға тәлім береді.
Ол кім? (Ұстаз)
-Балалар, тәрбие сағатын Ғ. Қайырбековтың «Ұстаз» туралы өлең жырларымен бастағым келіп тұр.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.
-Балалар, өлеңде кім туралы айтылған?
-Бұл суретте кімнің суреті бейнеленген?
-Ұстаз деген аяулы да, асыл жан. Ұстаз - әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін ардақты тұлға. Балалар, барлығымыз мына бейне-сюжетке назар аударайық.
Бұл Ы.Алтынсарин атамыз Қазақ жеріне ең алғаш білім жарығын сыйлаған тұлға. Қазақ балаларына ең алғаш білім ошағы – мектеп ашқан. Оның көптеген балаларға арналған өлеңдері, әңгімелері бар.
-Ал енді балалар, балабақшадағы ұстаздардың сүйікті де, сүйкімді балалармен өткізген қызықты сәттеріне назар аударайық. (видеоролик көрсету.
-Балалар, балабақша - білім мен тәрбие ошағы. Балалардың өмірге көз-қарасын, бір-біріне деген сый-құрметін, адамгершіліктің нұрын төгіп, жақсы қаситтерді бойына дарытып, аялап, аянбай тәрбиешілер еңбек етеді.
-Балалар, «Ұстаз» деген сөзді қалай түсінесіңдер? Ұстаз туралы тақпақтар білесіңдер ме?
Т.Айша: «Қош келдің» деп, балдырған,
Күліп шыққан алдымнан.
Шексіз сеніп ата-ана,
Балаларын қалдырған.
Зейн: Жүзің жылы, құшағың кең,
Сенен түлеп ұшамын мен.
Өзің берген біліміңмен,
Биіктерге шығамын мен.
Әлинұр:Бар баланың сенгені өздеріңіз,
Сол сенімді ақтаумен өрледіңіз.
Құтты болсын ұстаздар, әрбір жылың,
Жана берсін, жасампаз еңбегіңіз.
-Жарайсыңдар, балалар!
Балалар, бой жазып, денемізді бір сергітіп алайық.
Сергіту сәті: Міне, мынау – оң қол,
Міне, мынау – сол қол.
Шапалақты соғайық,
Топылдатып билейік,
Міне, мынау – оң аяқ,
Міне, мынау – сол аяқ.
Топ-топ-топ-топ басайық,
Жаттығуды жасайық.
-Балалар, ұстаз туралы мақал-мәтелдер білесіңдер ме?
- Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы.
- Ұстаз – ел мерейі.
- Ұстаз – ұрпақ мақтанышың.
-Жарайсыңдар, балалар!
- Балалар, ойын ойнағыларың келе ме?
Ойын: «Қажеттісін тап!»
Шарты: Үстелдің үстіндегі заттардың ішінен мұғалімге қажеттісін тауып, себетке салу.
Тәрбиеші:
- Балалар, сендерге бүгінгі тәрбие сағаты ұнады ма?
- Біз бүгінгі тәрбие сағатында кім туралы әңгімеледік?
- Ұстаз деп кімді айтамыз?
- Ол қандай қасиеттерімен ерекшеленеді?
Ұстаздарымызға білім мен тәрбие жолындағы қиындығы мен қызығы мол, қадірлі де, қастерлі жұмыстарына әрқашан сәттілік тілейік! Осымен «Ұстаз аты-биік, әрі мәңгілік!» атты тәрбие сағатымыз аяқталды.
